Loading…
Transcript

Қазақстан Республикасындағы шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдар

Жоба авторлары:

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, "Болашақ" тобы

1. Дәнебек Балнұр

2. Кәдірбек Динара

3. Жақсылық Аружан

4. Тоқтарбай Сандуғаш

Зерттеудің көкейкестілігі

Кіріспе

«Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылыммен және қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру міндеттерінің белгіленуі қашықтан оқыту жағдайында мектеп оқушыларының білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдарды пайдалану мәселесінің өзектілігін арттырады [1].

Ақпараттық қоғам жағдайындағы болып жатқан өзгерістер мен жаңа технологиялардың пайда болуы ақпараттың үлкен көлемін мобильді түрде қабылдауға және өңдеуге, технологияның дамуына икемді түрде бейімделуге және өз қызметін еңбек операцияларының тез өзгеретін сипатына бейімдеуге қабілетті білімді адамға қоғамның талаптары артуда. Сондықтан білімнің ашық қоғамының қалыптасуы, ақпараттандыру және қашықтықтан оқыту тәжірибесінің белсенді дамуы қазіргі білім берудің даму бағыттарын анықтайтын негізгі факторлар болып табылады.

Пандемия жағдайында шектеу шаралары аясында жеке тұлғаны қалыптастыруды дамыту мен оған жан-жақты терең білім беру мақсатында баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыра отырып, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру жолында неғұрлым тиімді шараларын енгізу – бүгінгі ұстаздардың жауапты істері болуы керек. Яғни, ол өз жұмыс орнында және бүкіл техникалық тізбекте технологиялардың үздіксіз өзгерістеріне бейімделе алатын орындаушының тұлғасын қалыптастыру. Ал оларды даярлау үшін қазіргі дидактикалық мүмкіншіліктерді, жаңа идеяларды және білім беру технологияларын пайдалану керек.

Мұндай технологиялар қатарына «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлау» (СТО) бағдарламасы, М.Жанпейсованың «Модульдік оқыту технологиясы», Е.И.Пассовтың «Коммуникативтік технологиясы», Ж.А.Қараевтың «Деңгейлеп саралау технологиясы», «Қашықтан оқыту технологиясын», Ф.Б.Бөрібекова, Н.Ж.Жанатбекованың «Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар» және т.б. ғалымдар еңбектерін жатқызуға болады.Сонымен, пандемия жағдайында қашықтықтан немесе аралас оқыту мектеп оқушыларын оқыту ұйымдастырудың негізгі түріне айналды.

Мектеп ұжымдары, педагогтар, оқушылар мен ата-аналар шектеу шаралары жағдайында оқыту мен оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру бағытында әдеуір тәжірибе жинақтады;

Тәжірибе шектеу шаралары жағдайында қашықтықтан/немесе аралас оқытудың тиімді түрлерін, сонымен қатар кемшіліктерін айқын көрсетті;

Шектеу шаралары жалғасып отырған қазіргі жағдайларда оқушыға нәтижелі білім беруде және тиімді педагогикалық құралдарын іздену, зерттеу, пайдаланудың өзектілігі тағыда арта түседі.

Зерттеудің мақсаты, міндеттері, нысаны, пәні

Зерттеудің ғылыми аппараты

Зерттеу мақсаты: Қазақстан Республикасындаығы шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдарды анықтау, жүйелеу және қажетті психологиялық-педагогикалық ұсыныстар жасау.

Зерттеудің міндеттері:

- шектеу шаралары жағдайында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдарды қолдану теориясы мен тәжірибесін зерделеу;

- шектеу шаралары жағдайында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдарды жетілдіру мүмкіндіктерін анықтау;

Зерттеу нысаны: Қазақстан Республикасының шектеу шаралары аясындағы білім беру үдерісі.

Зерттеу пәні: Қазақстан Республикасындағы шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдарды жетілдіру.

Зерттеудің болжамы: егер тиімді педагогикалық құралдарды уақытылы анықтап, жүйелендірсе, сондай-ақ оларды іс жүзінде қолдану бойынша қажетті психологиялық-педагогикалық ұстанымдарды болжайтын болса, онда ҚР-да карантин жағдайында жалпы білім беретін мектеп оқушыларының білім деңгейін арттыруға болады.

Зерттеу әдістері: теориялық әдістер (тақырып бойынша психологиялық, педагогикалық, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді зерделеу; талдау, жинақтау, абтракциялау, жүйелеу; педагогикалық модельдеу); эмпирикалық әдістері: мектеп басшылары, мұғалімдер, ата-аналар және оқушылармен сұхбаттар, әңгімелесу, интервьюлер; озық және инновациялық педагогикалық тәжірибелерді зерделеу және қорыту; педагогикалық байқау; сараптамалық талдау әдісі; тәжірибелік-эксперимент жұмыстары, зерттеу нәтижелерін сандық және сапалық талдау.

Зерттеу базасы: А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп гимназия.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- Қашықтықтан оқытудың психологиялық-педагогикалық негіздерін зерттеген бірқатар ғалымдар еңбектеріне талдаулар жасалды.

- шектеу шаралары жағдайында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдарға мазмұндыө талдаулар жасалды.;

- Қазақстан Республикасындағы шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдар әлі де толық зерттелмеген. Практикада бұл мәселе, негізінен эмпирикалық деңгейде шешіліп отыр.

Негізгі бөлім

Негізгі бөлім

Қашықтан оқыту жағдайында:

- білім алушылардың танымдық белсенділігін дамытудың теориялық негіздері мәселесін зерттеуде жүйелік тұғыры (В.Г.Афанасьев, В.В.Краевский, А.А.Бейсенбаева, т.б.),

- тұлғалық белсенділік тұғыры (А.Н.Леонтьев, А.В.Петровский, т.б.),

- оқытудағы технологиялық тұғырлар (В.П.Беспалько, В.М.Монахов, В.В.Сериков, Н.Д.Хмель, т.б.),

- сондай-ақ білім беру практикасында жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану тәсілдемелері (Н.А.Аминов, М.Н.Берулава, т.б.),

- студенттердің шығармашылық белсенділігін қалыптастыру тұжырымдамасы (А.А.Вербицкий, т.б.),

- қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудың тәсілдемелері (А.С.Минзов, Е.С.Полат, т.б.),

- білім алушылардың танымдық белсенділігі құрылымының модельдері және білім беру жүйелеріндегі басқару теориясы (Ю.К.Бабанский, Н.Д.Никандров, М.Н.Скаткин, Г.И.Щукина, т.б.),

- қашықтықтан оқытуды жобалаудың полипарадигмальды тәсілдемесі (О.Г.Старикова, Л.С.Лихачева, т.б.),

- жоғары кәсіптік білім беру саласындағы қашықтықтан оқытудың технологиялық, техникалық және дидактикалық қамтамасыз ету тұжырымдамалары (А.А.Андреев, А.Д.Савельев, В.Роберт, Е.Ы.Бидайбеков, Д.М.Жүсібалиева, т.б.) негізге алынды.

Қашықтықтан оқытудың зерттелу жағдайы

Бүгінгі күні ғылымда ақпараттық және коммуникациялық технологияларды, білім беру құралдарын әзірлеудің және оларды пайдаланудың іргелі негіздері қазақстандық және ресейлік белгілі ғалымдардың (Г.Б.Ахметова, Б.Б.Баймұханов, Т.О.Балықбаев, Е.Ы.Бидайбеков, Д.М.Жүсібалиева, Г.Қ.Нұрғалиева, И.В.Роберт, С.Г.Григорьев, В.В.Гриншкун, Е.С.Полат, т.б.) ғылыми зерттеу жұмыстарында жан-жақты қарастылады.

Қашықтықтан білім беру технологияларының дамуымен байланысты оқу іс-әрекетін қалыптастыру мәселесін ресей ғалымдары (А.А.Андреев, Ю.В.Карякин, Ю.И.Лобанов, Е.С.Полат, А.Д.Савельев, В.И.Солдаткин, Ю.Г.Фокин) арнайы зерттеген.

Ж.Р.Жексембаева қашықтан оқытуды заманауи білім беру жүйесін дамытудың жаңа парадигмасы ретінде зерттей отырып, қашықтан білім берудің әлемдік және отандық жүйесінің жағдайына, тенденцияларына, даму және қалыптасуы кезеңдеріне жан-жақты талдау жасайды. Қашықтан білім берудің қарқынды дамуының негізгі салаларының бірі білім берудің барлық жүйесіне әлеуетті әсері жоғары интернет-ақпараттық технологиялардың дамуымен сипатталады деп тұжырымдайды [2].

Қашықтықтан оқыту телекоммуникацияның техникалық құралдарын пайдалана отырып, білім беру субъектілері бір-бірінен алыстаған жағдайында жүзеге асырылатын оқытудың ерекше түрі деп түсіндіріледі.

Бұл жағдайда қашықтықтан оқытудың дидактикалық жүйесі, бір жағынан, оқу процесінің барлық негізгі компоненттеріне (мақсаты мен міндеттері, мазмұны, әдістері, ұйымдастырушылық формалары, оқу және оқыту құралдары) тән болуы керек; екінші жағынан, ол тұтастық пен жүйелілікті, тиімділікті, қарқындылықты, белсенділікті қамтамасыз ететін инновациялық білім беру технологияларына бағытталуы тиіс. Осыдан пандемия жағдайында ҚР шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдарды жетілдірудің қажеттілігі туындайды.

Осы орайда ғылыми тұрғыда «қашықтан оқыту» ұғымын нақтылау қажет. Педагогикада «қашықтықтан білім беру» термині (лат. distantia қашықтық деген мағынаны білдіреді), яғни «қашықтықта білім беру» деп түсіндірілетін халықаралық термин болып табылады. Сонымен қашықтан оқыту білім беру ұйымдарынан алыс орналасқан және сондықтан оның оқытушыларымен үнемі байланыста болмайтын адамдардың оқу-танымдық қызметіне мақсатты және әдістемелік ұйымдастырылған басшылық дегенді де білдіреді.

А.В. Хуторскийдің пікірінше, «қашықтан оқыту телекоммуникация құралдарының көмегімен оқыту, онда оқу субъектілері (оқушылар, мұғалімдер, тьюторлар және т. б.) кеңістіктік немесе уақытша қашықтыққа ие бола отырып, сыртқы білім беру өнімдерін және білім беру субъектілерінің тиісті ішкі өзгерістерін (өсулерін) құруға бағытталған жалпы оқу процесін жүзеге асырады» деп тұжырымдалады [3].

Е.С. Полаттың пікірінше, «қашықтықтан оқыту - бұл мұғалім мен оқушылар мен оқушылардың өзара іс-қимылы қашықтықта жүзеге асырылатын және интернет-технологиялардың ерекше құралдарымен немесе интерактивтілікті көздейтін басқа да құралдармен іске асырылатын оқу процесіне тән барлық компоненттерді (мақсаттар, мазмұн, әдістер, ұйымдастырушылық формалары, оқыту құралдары) көрсететін оқыту түрі» [4].

«Қашықтықтан оқыту» ұғымының кең таралуына қарамастан, оқытудың бұл түрінің жалпыға бірдей танылған түсіндірмесі, оның мазмұны жөнінде бірегей түсініктер әлі де қалыптаспаған. А.А. Андреев қашықтықтан білім беруге тән ерекшеліктерге икемділік, модульділік, параллельділік, асинхрондылық, пайдалылық, әлеуметтілік және басқа да белгілерді жатқызады [5].

Жоғарыда келтірілген анықтамаларда қашықтан оқытудың мынадай ерекшеліктеріне назар аударылады: қашықтықтан жүзеге асырылатын оқыту нысаны; әдістемелік жүйеге тән барлық компоненттерді көрсетеді; заманауи интерактивті дидактикалық құралдармен жүзеге асырылады.

Сондықтан қашықтан оқыту оқыту формасы, жүйе, білім беру субъектілерінің өзара әрекеттесу үрдісі, технология (технологиялар жиынтығы), оқыту тәсілдері мен әдістер болып табылады. Демек, қашықтықтан оқыту білім алушы мен педагог қызметкерінің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара әрекеттестігі кезінде ақпараттық коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолданумен жүзеге асырылады.

Сонымен бірге қашықтан оқыту дамыта оқыту әдістерін, проблемалық және зерттеу әдістерін ақпараттық коммуникативтік технология саласында үйлестіре қолдануға бағытталған педагогикалық технология деп те тұжырымдалады.

Қашықтықтан білім беру технологиялары қашықтықтан оқу сабақтарын «оnline», «offline» режимінде өткізуге негізделген:

«Оnline» режимінде оқу сабақтары нақты уақыт режимінде оқудың өзара іс-әрекет ету үдерісін қарастырады (бейнеконференция, Интернет желісімен хабар алмасу, телефон аппараты арқылы келіссөздер);

«Оffline» режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушы арасындағы асинхронды тілдесудің (электрондық пошта, кейіннен қорытынды бақылау тапсырумен оқытушының тапсырмасы бойынша білім алушының оқулықпен жұмысы) оқу іс-әрекеті процесін қарастырады.

Бүгінгі таңда қашықтықтан білім берудің әдістемелік жүйесінде (әсіресе, субъектілерді қашықтықтан оқыту қажеттілігі жағдайында) дәстүрлі және инновациялық білім беру жүйелерінің ерекшеліктерін біріктіру қажет. Қашықтықтан оқыту әдістері мен құралдарының формаларын жобалаудың әдіснамалық негізіне полипарадигмальды тәсілдеме алынады. Өйткені, ол жүйелік-белсенділік, модульдік, сараланған, танымдық-визуалды және құзыреттілік тәсілдерді қамтиды.

Мәселенің зерттелу

жағдайы

О.Г. Старикова «полипарадигмальды тәсілдеме білім беру қызметінің озық сипатын көрсетеді. Себебі, ол жоғары білім беруді дамыту стратегиясын жетілдірудің жетекші парадигмаларының әлеуетін жинақтайды», - деп тұжырымдайды [6].

Л.С. Лихачеваның пікірінше, полипарадигмальды тәсілдеме немесе тұғыр бұл бір объектіні бірнеше қосымша көздермен (зерттеу парадигмаларымен) кросс-интерпретациялаудың бір түрі, «күрделілік» атрибут және «әлеуметтік таным қағидасы» ретінде жүзеге асырылатын кешенді тәсіл. Осыған байланысты, полипарадигмалды тәсілдеме зерттеу парадигмаларының ашық жиынтығы, олар бір-біріне енбейді, бірақ бірге өмір сүреді, зерттелетін объектінің әртүрлі қырларын (жақтарын, аспектілерін) ашуда бір-бірін толықтырады» деп есептейді [7].

Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және де екіншісі – ол да маңызы жағынан біріншіден еш кем емес: «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?». Қазіргі кезде білім беру саласында оқушылар үшін терең білімнің де, соған сәйкес тәжірибелік дағдылардың да тең дәрежеде маңызды екендігі туралы тұжырым қалыптасты. Заманауи оқыту тәсілдерінің негізгі ерекшелігі оқушылардың білімді тек меңгеріп қана қоймай, оны іс жүзінде орынды қолдана білуіне басты назар аударуы ХХІ ғасырда талап етілетін дағдылардың мән-маңызына барынша сәйкес келеді.

Сонымен жоғарыдағыларды зерделей келе қуатты педагогикалық құралдар ретінде төмендегілерді қарастырдық:

Метатаным немесе оқушының ӨЗІН-ӨЗІ реттей алуына үйрету. «Метатану» термині оқушылардың саналы білім алуы мен ойлауын дамытуға ықпал ететін бірқатар үдерістерге қатысты қолданылады (Flavell, 1976). Метатануға танымдық үдерістерді білу, түсіну және реттеу немесе танымдық үдерістерді қарастыру үшін танымдық үдерістерді қолдану, соның ішінде қатесін танып-білу және ойлауды бақылау деген анықтама беруге болады.

Бүгінгі пандемия жағдайында аса маңызды мәселелердің бірі болып тұрған нәрсе – оқушылардың ассинхронды оқуға дағдылануы, яғни тапсырмаларды өз бетімен орындай алуы. Мұғалім тек нұсқау береді, ал оқушы сол нұсқау бойынша тапсырмаларды өз бетімен орындайды. Мұғалім:

а) оқушыларға өз бетінше орындай алмайтын тапсырманы орындауға мүмкіндік береді;

ә) оқушыны тапсырманы өз бетінше орындауға мүмкіндік беретін құзыреттілікке жеткізуді мақсат ету;

Қазіргі ақпараттық қоғамда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға негізделген ақпараттық процестер өркениеттің дамуының негізгі белгілерінің бірі болып табылады. Қоғамды ақпараттандыру үдерісі білім берудің сипаты мен мазмұнын өзгерту қажеттілігін тудырып білім беру жүйесіне әсер етеді. АКТ-ны пайдаланудың негізгі мақсаттары:

- оқушылардың функционалдық сауаттылығын, негізгі оқу дағдыларын қалыптастыру, бейінді және бейіналды даярлықпен қамтамасыз ету;

- АКТ артықшылықтарын жүзеге асыру арқылы білім, білік және дағдыларды меңгеру сапасын арттыру, танымдық қызметті белсенді қылу мақсатында ынталандыру, ақпаратты өңдеудің заманауи құралдарын пайдалану негізінде пәнаралық байланыстарды тереңдету;

- білімділіктің жоғары көрінісі деп танылатын және жеке адамның қасиеттері мен кәсіби біліктілігінен тұратын жалпы мәдениет құраушылардың бірі ретінде ақпараттық мәдениеттің қалыптасуы;

- оқыту процесінде оқушылардың жеке ерекшелігін ескеру, белгілі бір бағыт бойынша оқушылардың қабілеттерін дамыту;

- ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушыларды өз бетінше оқу-танымдық қызметке даярлау;

- оқушы тұлғасын дамыту, оның шығармашылық мүмкіндіктерін, зерттеу ісіндегі шеберлігін ашу;

- аппараттық құралдар, бағдарламалық жүйелер, сондай-ақ, заманауи технологиялық шешімдер негізінде жүзеге асатын және ақпараттық сұраныстармен қамтамасыз етуге арналған мазмұндық толықтырулар, оқушылардың қызметіне байланысты және де оларға қажет оперативті қарым-қатынас үшін ақпараттық ағындарды ұйымдастыру ретінде біртұтас ақпараттық орта құру.

Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру

Қашықтан оқуды ұйымдастырудың негізгі кезеңдері:

1-қадам. Күтілетін нәтижелерді басқару

2-қадам. Бағалау әдістері

3-қадам. Оқыту үшін технологиялар мен платформаларды таңдау

4-қадам. Инклюзивті оқу ортасын құру

(Сілтеме: Анна С. Коэнмиллер, Альба университетінің кеңесшісі)

Қашықтан оқудың артықшылығы:

- Тұрғылықты жері таңдалған білім беру мекемесінен айтарлықтай алыста орналасқан оқушылар үшін білім алудың қолжетімділігі;

- Бір мезгілде бірнеше білім беру мекемелерінде оқу мүмкіндігі;

- Емтихандар, сынақтар, курстық емтихандар тапсыру, олимпиадаларға, конференцияларға, форумдарға қатысу және т. б. алдын ала қатаң белгіленген мерзімге/уақытқа тәуелді болмауы;

- Электрондық поштаны, аудио және видеоконференцияны пайдалану есебінен оқытушылармен жедел байланысты едәуір кеңейту.

Қашықтан оқудың кемшілігі:

- Эмоциялық - шығармашылық оқу ортасын жасау қиындығы;

- Білім алушылардың ұсынылған тапсырмаларды 100% өздері орындағанына сенімділіктің болмауы;

- Тұрақты бақылаудың болмауы білім алушының ынтасының төменедеуіне әкеліп соғады;

- Білім алшылар мен оқытушылардың компьютерлік сауаттылығының жеткіліксіз болуы;

- Қашықтан оқу сабақтары бойынша тапсырмалар әзірлеудің көп еңбектенуді қажет ететіндігі.

Дегенмен, мұғалімнің педагогикалық шеберлігі және білім беру процесінде АКТ-ны шебер қолдануы оқу-тәрбие жұмысының барлық түрлерін оңтайландыруға, оларды оқушы тұлғасын жан-жақты дамыту мен жетілдіруге, оның дүниетанымы мен қабілетін қалыптастыруға бағыттауға мүмкіндік береді жіне төмендегідей негізгі құралдарды анықтайды.

Онлайн қызметтер.

Интерактивті сабақтар.

Конференциялар мен байқаулар.

Интернет желісінің білім беру ресурстары, виртуалды зертханалар.

Қашықтықтан оқытудың заманауи құралдары мен сервистері.

Электоронды оқулықтар мен құралдар, бейне және аудио жазбалар.

Тренажерлер және тестілеу бағдарламалары.

Қашықтан оқуда пайдаланатын онлайн оқу құралдары:

Zoom — бейнежазбалар, лекциялар, вебинарлар

ManageBac — халықаралық мектептерге арналған қашықтықтан оқу мүмкіндіктері

Google Classroom – қашықтықтан оқу ортасын құру мүмкіндіктері

Kahoot — онлайн тест және квест сервисі

Mentimeter — интерактивті таныстырылым сервисі

Padlet — бірлескен жұмысты құру

Foxford — онлайн-мектеп Зерттеу базасы №1 А.С.Пушкин атындағы мектептің ҚР шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларын оқыту жағдайында оқыту әдістерін таңдауда оқытудың мақсаттары мен міндеттері; оқыту қағидаттары; пән мазмұны; оқыту процесінде цифрлық білім беру ортасының әлеуетін барынша пайдалану; оқытуға арналған оқу бағдарламаларында көзделген шарттар мен уақыт секілді өлшемдер басшылыққа алынады. Жалпы дидактикалық әдістерден басқа мектеп оқушылары қашықтықтан оқытуда сыныптан тыс виртуалды ортада оқытудың әдістері қолданылады.

ҚР шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық әдістер:

STEАM- мектеп оқушыларын оқытудың жаңа әдісі

«STEAM - ағылшын тілінен аударғанда жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математика дегенді білдіреді.

STEAM аббревиатурасы: S - ғылым, T - технология, E - инженерия, A - өнер, M - математика, немесе: жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия, шығармашылық, математика.

Бір сөзбен айтқанда, қазіргі әлемде ең көп сұранысқа ие болып отырған пәндер. STEAM барлық осы пәндерді бірыңғай оқыту схемасына біріктіреді, ал ағылшын тілі осы пәндердің барлығының байланыстырушы буыны болып табылады. Сондықтан кіріктірілген білім беруде жетекші орынды шет тілі (біздің жағдайда ағылшын тілі) сабақтары алады.

Ағылшын тілін және жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін кіріктірілген оқытудың бірқатар принциптері бар, олардың ішіндегі негізгілері:

- бай және шынайы оқу материалдарын пайдалану принципі, когнитивті тұрғыдан;

- оқыту үдерісінде мұғалімнің белсенді қолдауы мен көмегінің принципі;

- екінші шет тілдерін қарқынды және өнімді иелену принципі;

- көпмәдениеттілік принципі;

- жоғары деңгейлі ойлау қабілеттерін дамыту принципі;

- тұрақты оқыту принципі [9].

Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру

Білім берудегі коучинг технологиялары

Білім берудегі коучингтің мақсаты - оқушылардың саналы түрде білім алуына, білімді қызығушылықпен меңгеруіне, олардың әлеуетін табуға және барынша арттыруға, дағдылар мен қабілеттерді дамытуға, бағдарламаны тиімді игеруге және тапсырмаларды орындауға көмектесу.

Білім берудегі коучинг – бұл:

- жеке көзқарас;

- балаға көмек;

- табыстылық туралы ойлаудың қалыптасуы;

- оның мықты жақтарын анықтау; [10]

- процеске саналы қатысу және нақты нәтижелерге қол жеткізу.

Мұның бәрі оқушыларға оқу үдерісі үшін жауапкершілікті сезінуге және жеке мақсаттармен қамтамасыз етілген өзіндік мотивке ие болуға көмектеседі.

Коучинг технологиялары мен құралдары бұған көмектеседі:

- сабақтағы өзіндік жұмыс немесе шығармашылық тапсырмалар;

- өзін-өзі тексеру немесе өзара тест;

- миға шабуыл, ашық сұрақтар;

- хабардарлық пен ынтаны арттыру.

Жоба әдісі

Жоба әдісі 1920 жылдары АҚШ-та пайда болды және оны «проблемалық әдіс» деп те атады. Американдық прагматикалық философ, психолог және оқытушы Джон Дьюи, оның шәкірті және ізбасары В.Килпатрик әлемдік педагогикадағы «жоба әдісінің» негізін қалаушы болып саналады.

Олар жоба әдісі - бұл оқу үдерісін жекелендіруге мүмкіндік беретін, әр балаға өз қызметін жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау кезінде тәуелсіздік танытуға мүмкіндік беретін күрделі оқыту әдісі екенін анықтады. [11].

Жобалардың жалпы дидактикалық типологиясы:

Ғылыми жоба ғылыми зерттеу сияқты құрылымдалған. Оған таңдалған тақырыптың өзектілігін негіздеу, зерттеу тапсырмасын тұжырымдау, гипотезаны міндетті түрде алға жылжыту, содан кейін оны тексеру, алынған нәтижелерді талқылау және талдау кіреді.

Шығармашылық жоба оны жүзеге асыруға және нәтижелерді ұсынуға ең еркін және дәстүрлі емес тәсілді қамтиды.

Ақпараттық жоба ақпаратты талдау, жалпылау және кең аудиторияға ұсыну мақсатында объект немесе құбылыс туралы ақпарат жинауға бағытталған.

Рөлдік жобалар. Мұндай жобаларда қатысушылар рөлдерді алады. Бұл әдеби кейіпкерлер немесе қатысушылар ойлап тапқан жағдайлармен қиындатылған әлеуметтік немесе іскери қатынастарға еліктейтін ойдан шығарылған кейіпкерлер болуы мүмкін.

Монопроекттер бір тақырып аясында өткізіледі. Бұл жағдайда бағдарламаның ең қиын бөлімдері немесе тақырыптары таңдалады. Бірақ монопроект бойынша жұмыс белгілі бір мәселені шешу үшін басқа салалардан білімді қолдануды көздейді.

Пәнаралық жобалар тек сабақтан тыс уақытта және әртүрлі білім салаларының бірнеше мамандарының басшылығымен жүзеге асырылады. Олар проблеманы қалыптастыру кезеңінде терең, мағыналы интеграцияны қажет етеді.

Байланыс сипаты бойынша жобалар:

- сыныпта;

- сыныптан тыс;

аймақтық (бір елдің ішінде);

- халықаралық.

Жобалардың соңғы екі түрі - телекоммуникация, өйткені олар қатысушылардың қызметін үйлестіруді, олардың Интернеттегі өзара әрекеттесуін, демек, қазіргі заманғы компьютерлік технологияларды қолдануды талап етеді.[12]

Тәжірибелік-эксперименттік бөлім

Тәжірибелік бөлім

Анықтаушы эксперименттің бірінші кезеңінің мақсатына сәйкес, 12 сұрақтан тұратын сауалнама құрастырып, Шымкент қаласындағы №1 А.С.Пушкин атындағы мектептің 20 оқытушы қатысты. Сынып мұғалімдерінің сабақтарына онлайн қатысып, талдау жасадық. Мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынасын, түрлі әдістерді пайдалану дағдысын, заманауи әдіс-тәсілдерде қолдану, оқушылардың сабақты қаншалықты меңгергенін зерттедік.

Жоғарыда айтылғандай 12 сұрақтан туратын сауалнама құрастырдық, сауалнама нәтижелерін 1- кестеден көруге болады:

Анықтаушы эксперимент

Қалыптастыру эксперименті

Қалыптастыру экперименті барысында

Мектеп менеджерлерімен – “Онлайн және араласоқыту жағдайында мектепішілік басқару” тақырыбындағы сұқбат;

Мектеп мұғалімдерімен “Шектеу шаралары жағдайында оқытудың негізі ұстанымдары және тәжірибелік қадамдар” тренинг;

Мектеп психологтарына және әлеуметтік педагогтарына – “Онлайн жән аралас оқыту жағдайында оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін педагогикалық қолдау” тренинг;

Ата-аналарға – “Цифрлы отбасы: онлайн оқыту жағдайында баланың оқу жұмысын ұйымдастыру” (Мектеп ата-аналар университеті асяындағы семинар-тренинг) өткізілді.

Тәжірибе нәтижелері

Тәжірибелік-педагогикалық жұмыстың нәтижелері

Атқарылған жұмыстар оқушылардың шектеу шаралары жағдайында білімдерін қалыптастыру және оған жасалынған әрекеттер төмендегідей өлшемдермен анықталды және мектеп мұғалімдерінен сұхбат алынды:

- Daryn.online, BilimLand, Kundelik.kz, Оpiq.kz платформаларында берілген тапсырмаларды уақытылы орындау/ жауапкершілігі;

- пәндер бойынша үлгерімі;

- оқушылардың оқуға мотивациясы/ынтасы;

- оқушылардың денсаулығы үшін қауіпсіз ортада білім алуы.

Жүргізілген тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижесінде

мұғалімнің педагогикалық шеберлігі және білім беру процесінде АКТ-ны шебер қолдануы оқу-тәрбие жұмысының барлық түрлерін оңтайландыруға, оларды оқушы тұлғасын жан-жақты дамыту мен жетілдіруге, оның дүниетанымы мен қабілетін қалыптастыруға бағыттауға мүмкіндік беретіні және төмендегідей негізгі 7 құралды анықтайтыны белгілі болды:

1. Онлайн қызметтер.

2. Интерактивті сабақтар.

3. Конференциялар мен байқаулар.

4. Интернет желісінің білім беру ресурстары, виртуалды зертханалар.

5. Қашықтықтан оқытудың заманауи құралдары мен сервистері.

6. Электоронды оқулықтар мен құралдар, бейне және аудио жазбалар.

7. Тренажерлер және тестілеу бағдарламалары.

Қорытынды

Қорытынды

Қазақстан Республикасындағы шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруға көмектесетін педагогикалық құралдарды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерттеу өзекті мәселе.

Біз зерттеуімізде мұғалім мен мектеп оқушыларының білім беру ресурстарымен өзара әрекеттесуіне және оқу, білім беру процесінің барлық қатысушыларының интерактивті өзара әрекеттесуіне негізделген әдістерге мазмұндық сипаттамалар қарастырдық. Қазіргі әлем жоғары білімді ақпараттандырудың дамуымен сипатталады. Мұндай жағдайда қашықтықтан оқыту жүйесі оқушыларға оның орналасқан жеріне қарамастан тікелей ақпарат пен оқу материалдарын ұсыну үшін жаңа технологиялық құралдарды қолдануды қамтамасыз етеді, сондай-ақ білім беру кеңістігінің ажырамас бөлігі болады.

1. Шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтырудың педагогикалық құралдары мектепішілік ұйымдастырушылық-педагогикалық, әдістемелік, оқу-тәрбие үдерістерін жобалау, жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау қызметтері аясында қолданылатын педагогикалық құралдарды қамтиды.

2. Шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтырудың педагогикалық құралдары онлайн/аралас оқытудың формалары, әдістері мен тәсілдері, технологияларының біртұтас, икемді пайдаланылатын жүйесі болып табылады.

3. Шектеу шаралары аясында мектеп оқушыларына білімдерін толықтыруда “мектеп әкімшілігі – мұғалімдер”, “мұғалім- цирфлық құралдар- оқушы”, “ата-ана –оқушы”, “мұғалім-цифрлық құралдар-ата-ана” өзара әрекеттестік жүйелері асяында жүзеге асырылады.

Қашықтықтан оқыту жағдайында балаға педагогикалық қолдау көрсету аса қажетті және шектеу шаралары жағдайында жинақталған тәжірибе постпандемиялық жағдайда кіріктірілген офлайн/онлайн оқытуды дамытудың тиімді құралы!