Әдебиеттер
Коршунова Г.В. Проблемы формирования конкурентоспособности национальной экономики // Финансы и кредит. №6. С. 74-78
Смит А. Исследование о природе и причинах богатства народов. – М.: ЭКСМО,
Портер М. Международная конкуренция. М.: Международные отношения,
2014-2015 ж.ж. Жаһандық экономикалық форумның әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі баяндамасы. http://gt-ru/news/2014/09/03/6873
http://prokuror.gov.kz/kaz/memleket/prezident-aktileri/zhana-onzhyldyk-zhana -ekonomikalyk-orleu-kazakstannyn-zhana
«Қазақстан Республикасы экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық мүмкіндіктерін сапалы жаңа деңгейге жеткізудің 2008-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы N 1332 Қаулысы.
Әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елі қатарынан үміткер мемлекеттердің экономикалық индикаторларын бағалау // әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің хабаршысы (экономика сериясы). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – № 6 (70). – Б.16-22.
http://www.arem.gov.kz/kaz/menu2/zakon/prav_akty/obshiye_prik/
Модернизация и рост конкурентоспособности экономики Казахстана. Под ред. О.Сабдена. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы»,
Касенова А.С. «Кәсіпорынның бәсеке қабілеттілігін арттырудың басым бағыттары» //ҚазМемҚызПУ Хабаршы, Алматы, 2012. – № 3 (39)
Бәсекеге қабілеттілік мәселесі экономикалық ғылымдар арасында аз зерттелген салалардың бірі болып табылады. Адам Смит «Табиғат және халықтар байлығының себептері туралы зерттеу» атты еңбегінде көрінбейтін қол әлемді басқарады, сондықтан нарықтық экономика құламайды, ал бәсекелестік бәрін өз орнына қояды, өзінің жеке мүдделерін қанағаттандыруға ұмтылған адамдар ақыр соңында қоғам үшін жұмыс істейді деп айтқан болатын . Дегенмен, 1970 ж. басында, бәсекелестік тақырыбына көп назар аударылғанымен, оны дайындауда инновациялық идеялар аз енгізілді. Бәсекеге қабілеттілік түсінігінің заманауи көрінісін негізінен американдық ғалым М. Портердің әзірлемелері айқындады. Ол елдің бәсекеге қабілеттілігі түсінігін өндіріспен байланыстырды. Осыған ұқсас ойды әйгілі американдық ғалымдар Д. Доллар және Э. Вульф ұстанады, олардың тұжырымы бойынша, жоғары технологиялар негізінде халықаралық саудада табыстылықты, еңбекақыны және табыс жоғары өндірісті үйлестірген ел бәсекеге қабілетті болып саналады.
Бәсекеге қабілеттілік – бірнеше деңгейде қарастыруға болатын көп қырлы экономикалық категория. Бұл – мемлекеттің, тауардың, тауар өндірушілердің, салалардың бәсекеге қабілеттілігі. Осы деңгейлердің арасында тығыз байланыс бар: елдік және салалық бәсекеге қабілеттілік ақыр соңында белгілі бір өндірушілердің бәсекеге қабілетті тауарларды өндіре алу қабілетіне байланысты.
М. Портер бәсекеге қабілеттілікке келесідей анықтама береді: «Бәсекеге қабілеттілік – бұл техникалық-функционалдық, экономикалық, ұйымдастырушылық және басқа сипаттамаларға сәйкес келу деңгейін сипаттайтын нарықтың белгілі бір үлесін алатын объект». Тұтынушы талаптарының деңгейі осы объектіге жататын нарықтың үлесін анықтайды және басқа объектілердің пайдасына осы нарықтың бөлінуіне кедергі болады
Елдің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын факторлар:
Экономикалық даму қарқыны, ұлттық валюта жағдайы сияқты көрсеткіштермен бағаланатын экономика динамизмі.
Өнеркәсіптік өндірістің тиімділігі.
Тауар сапасы деңгейінің, жан басына шаққандағы тұтынушылық шығындар көлемінің көрсеткіштері бойынша бағаланатын нарық динамизмі.
Коммерциялық банктер, бағалы қағаздар нарығы қызметімен бағаланатын елдің қаржылық жүйесінің жағдайы мен дамуы.
Халық саны мен өсу қарқыны, жұмыссыздық деңгейі, еңбек ресурстарының біліктілік деңгейі негізінде анықталатын адами ресурстар.
Елдің салық салу деңгейін, ұлттық табысындағы мемлекеттік сектордың үлесін зерттеу негізінде экономикадағы мемлекеттік реттеудің әсер ету дәрежесімен анықталатын мемлекеттің рөлі.
Елдің әлеуметтік-саяси жағдайы – оны сипаттайтын көрсеткіштер: табыс және оны бөлу көлемі, өнеркәсіптегі еңбектік қатынастар және т.б.
Әрбір елдің бәсекеге қабілеттілік құрылымы бір-бірінен ерекшеленеді, өйткені бір мемлекет өзінің географиялық жағдайына, өнеркәсіп деңгейіне, ресурстардың көлемі мен қолжетімділігіне байланысты бір немесе бірнеше салаға маманданады және сол салаларда бәсекеге қабілетті болады. Бұл халықаралық еңбек бөлінісіне әкеледі.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын 113 айнымалы көрсеткіш бар, солардың негізгі құраушы бөлігі 12 пункттен тұрады. Атап айтқанда:
Институттар сапасы.
Инфрақұрылым.
Макроэкономикалық тұрақтылық.
Денсаулық және орта білім.
Жоғары білім және кәсіби дайындық.
Тауар және қызмет нарығының көрсеткіші.
Еңбек нарығының көрсеткіші.
Қаржы нарығының деңгейі.
Технологиялық даму деңгейі.
Ішкі нарық деңгейі.
Компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі.
Инновациялық потенциал.
2014 ж. қыркүйекте (2013 ж. қорытындысы бойынша) шыққан, ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есеп нәтижесі бойынша Қазақстан, 2012 жылмен салыстырғанда 1 тармаққа (51 орын) жақсартып, орташа 4,42 балмен 50-ші орынды иеленген. Бұл ретте, Қазақстан даму деңгейі едәуір жоғары елдер қатарына өтті, бұл елдердің дамуында тиімділік пен инновациялық даму факторлары маңызды рөл атқарады.
Посткеңестік елдер арасында іскерлік ортаның жайлылығы бойынша Қазақстан көшбасшылардың бестігіне кірді. Ең жоғары позицияны, алдыңғы жылы секілді, 16-шы орыннан 9-шы орынға көтерілген Грузия алды. Одан кейін Эстония (21-шы орын), Латвия (25-ші орын), Армения (32-ші орын) және Қазақстан (49-шы орын) орналасқан.
Менеджментті дамытудың Халықаралық институтының әлемдік бәсекеге қабілеттілік туралы жыл сайынғы баяндамасының бағалауы бойынша Қазақстан барынша дамыған 30 ел қатарына кіруге жақын. 2013 жылғы IMD рейтингінің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы 34 орынға ие. Қазақстан Чех Республикасы (35 орын), Үндістан (40 орын), Түркия (37 орын), Италия (44 орын) және Португалия (46 орын) секілді елдердің алдында орналасқан. ТМД елдері арасында Қазақстан Ресейді 8 тармақ бойынша (42 орын) және Украинаны 15 тармақ бойынша (49 орын) озып көшбасшы позицияны алды.
Қазіргі уақытта, Қазақстан экономиканың көптеген секторларында тұрақты позицияларға қол жеткізді. Мұндағы басты мәселе экономиканы модернизациялауға, ұлттық шаруашылықтың жаһандану үдерісіне және әлеуметтік бағытталған қоғамды дамытуға негізделген сапалы бәсекеге қабілеттілікті арттыру болып отыр.
2012 ж. қаңтар айында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы»: қалыптасқан елдің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2050 ж. қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру бойынша жаңа стратегиялық мақсат қойылған болатын
Қазақстанның экономикалық өсуін шектейтін негізгі факторларға – әлсіз банктік жүйе, корпоративтік басқару саласындағы кемшіліктер, шикізаттық тауарларға деген бағаның өзгермелілігі және нашар менеджмент жатады. Жалпы экономиканың дамуын тежейтін факторлар ретінде келесілерді атап өтуге болады:
Негізгі өндірістік қорлардың физикалық және моральды тозуының жоғарғы деңгейі.
Қалыптасқан өндірістік қуатты жеткілікті деңгейде қолданбау.
Өнеркәсіпте шикізаттық салалардың басым болуы.
Өнімнің бәсекеге қабілеттілік деңгейінің төмендігі.
Арта қалған қалалар мен аудандардың көп болуы.
Өңдеуші салалардың инвестициялық тартымдылығының төмендігі.
Жұмыссыздықтың жоғарғы деңгейі және халықтың көп бөлігінің өмір сүру жағдайының төмендігі.
Кадрлық және ғылыми-техникалық қуаттың әлсіздігі.
Ғылыми-техникалық прогрестің баяу дамуы. Қазіргі жаһандану жағдайында экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп тұрған бірқатар проблемалар бар. Оларды жалпылама атап өтетін болсақ: өндірісте әлі де болса шикізат бағыттылығының басымдығы, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның дамымауы, кәсіпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қалушылығы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) қаржының аз бөлінуі, Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің халықаралық сапалық стандартқа сай келмеуі, тауар өндіру мен қызмет көрсетуге кеткен шығындардың көп мөлшерде болуы.
Дегенмен де, әлемдік қауымдастық Қазақстанды нарықтық экономикасы бар ел ретінде мойындады. «Қазақстан-2030» – ұзақ мерзімді экономикалық қайта құрудың қазіргі заманғы стратегиясын жасау арқылы республика аумақтық лидер атанды, халықаралық еңбек бөлінісінде айтарлықтай рөл ойнады, энергетикалық, минералды-шикізаттық, тау-металлургиялық, азықтүліктік әлемдік және жергілікті нарықтарда нық позицияларды иеленді
Әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілік деңгейі бойынша Қазақстан экономикасының негізгі салаларын келесідей 4 категорияға ажыратуға болады:
Өте мықты бәсекелестік позиция – түрлітүсті металлургия, байланыс және телекоммуникация, атом өнеркәсібі.
Мықты бәсекелестік позиция – қара металлургия.
Орташа бәсекелестік позиция – химия, қорғаныс.
Әлсіз бәсекелестік позиция – авиациялық (азаматтық), электрондық, тоқыма, аграрлық.
Бұдан басқа, әзірше бәсекеге қабілетті ретінде отын-шикізаттық кешенді және газ бен мұнай өндіруші салаларды атауға болады.
Отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру өте маңызды және уақытында ел назарына ұсынылып отырған асқақ мақсат. Өйткені, әлемдегі барынша өрбіп, қанатын жайған жаһандану үрдісінен тыс ешбір мемлекет болмайды. Соның ішінде ашық әрі демократиялық қоғам құрып жатқан Қазақстан одан шеткері қалмайды. Демек, әлемдік экономикада алатын орнымыз, экономиканың даму қарқынын үдетіп, оны ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкіндігі де осы бәсекеге қабілеттілікке байланысты. Халықтың тұрмысын үзбей жақсарта отырып, әлемдегі ең жоғарғы әлеуметтік стандарттарға жеткізу мүмкіндігі де осыған байланысты. Қорыта келгенде, ұлттық дамудың келешектегі басты мақсаты да, міндеті де бәсекеге қабілеттілік болып табылады.